Мәжілістің бұрынғы депутаты және Шымкент қаласы әкімінің экс-орынбасары Руслан Берденов Алматы қаласы әкімдігіне қарасты «Алматы даму орталығы» мекемесінің директоры болып тағайындалды, деп хабарлайды Juzmedia.kz
Берденов жаңа қызметінде Андрей Шовкоплястың орнын басты. 2008 жылы құрылған бұл мекеменің жарғылық капиталының 100 пайызы мемлекетке тиесілі. Негізгі міндеті – қаланың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын арттырып, Алматыны өмір сүруге ең қолайлы қалалардың қатарына қосу.
Руслан Берденов биыл 29 тамызда Шымкент әкімінің орынбасары қызметінен кеткен болатын. Бұған дейін ол сәуір айында әкімдік ғимараты маңында өзіне жасалған қарулы шабуылдан кейін ем қабылдаған. Қылмысқа қатысты күдікті Ернар Жиембай 9 жылға бас бостандығынан айырылған.
Берденов әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды «менеджмент» мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін КИМЭП университетінде бизнес әкімшілендіру магистрі дәрежесін алып, еңбек жолын «Сеймар Груп» холдингінің құрамындағы «Almaty Kus» компаниясынан бастаған.