homepage
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Ақтауда түркі елдерінің «Қорқыт ата» кинофестивалі өтіп жатыр

02.10.2025, 17:12

Ақтауда түркі елдерінің «Қорқыт ата» кинофестивалі жалғасып жатыр деп хабарлайды Juzmedia.kz.  

Фестиваль Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы – «Түрксойдың» бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Оған Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан және алғаш рет Мажарстаннан режиссерлер, актерлер мен продюсерлер қатысуда. Бұған дейін кинофестиваль Ыстамбұл, Бурса, Шуша және Анауда (Ашхабад) өткен, ал 2025 жылы алғаш рет Қазақстанға жетті.

Ашылу салтанаты «Достық» үйінде өтіп, қызыл кілем мен қазақстандық режиссер Думан Еркімбектің «QAITADAN» фильмі көрсетілді. Бұл туынды отандық кино тарихында миллиард теңгеден астам табыс жинаған алғашқы жоба болып отыр. Іс-шарада Мемлекеттік ұлттық киноны қолдау орталығының төрағасы Құрманбек Жұмағали сөз сөйлеп, Ақтаудың биыл түркі әлемінің мәдени астанасы атануымен фестивальдің мән-маңызы арта түскенін атап өтті.

Байқау бағдарламасына қазақстандық режиссерлердің «Joqtau» (Аруан Анартай), «Пряники для ее отца, моего прадеда, ее деда» (Алина Мустафина), «Ева. Батыр қыз» (Темірбек Аманжол) және «Атамекен» (Жанана Құрмашева) фильмдері енді. Бұдан бөлек, «Қажымұқан» фильмі (реж. Қанағат Мұстафин) фестивальдің арнайы көрсетілімінде таныстырылады.

Фестиваль аясында шығармашылық кездесулер, киносаммит, түрлі мәдени бағдарлама және Маңғыстаудың табиғи көрікті жерлеріне саяхат ұйымдастырылады. Жеңімпаздарды марапаттау салтанаты 4 қазанда өтеді. Жюри үздік фильм, режиссер, сценарий, актер және актриса аталымдары бойынша жеңімпаздарды анықтап, арнайы «Түрксой» сыйлығын табыстамақ.