homepage
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

2025 жылы 9 586 этникалық қазақ тарихи отанына оралды

29.09.2025, 10:25

1991 жылдан бері республикаға жалпы 1 157,6 мың этникалық қазақ қоныс аударды. Биыл келген қандастардың 45,7 %-ы Өзбекстаннан, 41,8 %-ы Қытайдан, 4,6 %-ы Түрікменстаннан, 2,7 %-ы Монғолиядан, 2,6 %-ы Ресейден және 2,6 %-ы басқа елдерден келді деп хабарлайды Juzmedia.kz.

2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қоныс аударған этникалық қазақтардың 58,7 %-ы еңбекке қабілетті, 32,3 %-ы еңбекке қабілетті жастан кіші, 9 %-ы зейнеткерлік жаста.

Еңбекке қабілетті қандастар арасында жоғары білімділер – 15,4 %, орта кәсіби білімділер – 29,7 %, жалпы орта білімділер – 52,3 %, білім деңгейі жоқтар – 2,6 %.

Қоныс аударушылар елдің әр өңіріне таратылды. Арнайы қоныстандыру өңірлері ретінде Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары анықталды. 2025 жылдың 1 қыркүйегіндегі дерек бойынша, осы өңірлерге 1 467 қандас қоныстандырылған. Қоныстандыру квотасы 2 309 адам.

Қоныстанушыларға бір реттік субсидия ретінде отағасына және отбасының әр мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге), ал тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге – бір жылға 15–30 АЕК (58,9–117,9 мың теңге) көлемінде мемлекеттік көмек ұсынылады.

Биыл 594 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілген, оның 237-сі тұрақты жұмысқа орналастырылған.

Сонымен қатар, қоныс аударуды ынталандыру мақсатында жұмыс берушілерді қолдау шаралары іске қосылған. Тұрғын үй сатып алу немесе салу, сондай-ақ ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарна үшін «экономикалық ұтқырлық сертификаты» енгізілді: ол тұрғын үй құнының 50 %-ын немесе отбасына 4,56 млн теңгеге дейінгі соманы қайтарымсыз беру түрінде жүзеге асады.