Израиль әскері Газадағы Сабра, Тел әл-Һава, Шейх Радван және Әл-Насер аудандарына танктерін кіргізді. Соңғы тәулікте кемінде 77 адам қаза тапқаны хабарланды деп жазады Juzmedia.kz.
Жергілікті дәрігерлердің айтуынша, ондаған адам жараланып, көпшілігі көмекке қол жеткізе алмай отыр.
Медициналық қызметтер жараланғандарға жету мүмкіндігінен айырылған, себебі тұрғын үйлер орналасқан аудандарда атыс пен соққылар жалғасуда. Халықаралық ұйымдар арқылы жасалған 73 эвакуация өтінішіне рұқсат берілмегені айтылды.
Газадағы денсаулық сақтау жүйесі ауыр жағдайда. Бірқатар аурухана жұмысын тоқтатты, ал дәрі-дәрмек пен азық-түлік тапшылығы ушығып барады. Израиль бұл әскери операциясын 16 қыркүйектен бері күшейтіп келеді.