homepage
Фотоколлаж Juzmedia

Cancel culture жеке өш алуға айналмауы керек – Ерболат Мұхамеджан

28.09.2025, 11:14

Cancel culture жеке өш алуға айналмауы керек. Белгілі журналист, «Уәде» жобасының авторы Ерболат Мұхамеджан Астанада өткен XIII PR Forum аясында сөйлеген сөзінде осылай деді. Ол Қазақстанда соңғы жылдары жиі байқалып жүрген «жою мәдениеті», ұжымдық эмоция әсері және оның қауіпті қырлары жайлы ойымен бөлісті.

«ҰЯТ ПЕН НАМЫС – ЦИФРЛЫҚ ФОРМАҒА КӨШТІ»

– «Cancel culture» бізге сырттан келген термин сияқты көрінгенімен, мәні қазақ қоғамына бөтен емес. Бізде ежелден бар ұғымдар – ұят, намыс, абырой. Бүгінде әлеуметтік желілер осы ұғымдарды жеделдетіп, жаңа деңгейге шығарды. Бұрын бір қате сөзді тек ауыл-үй арасы талқыласа, қазір бір-ақ күнде бүкіл қоғам біледі, – деді Ерболат Мұхамеджан.

«ҰЖЫМДЫҚ ЭМОЦИЯНЫҢ ЫҚПАЛЫ ҚАУІПТІ»

Журналистің айтуынша, Cancel culture күшейгені – қоғамның әділетке деген сұранысының артқанын көрсетеді. Бірақ қауіпті жағы да бар.

– «Ұжымдық эмоция әсері» күшейіп барады. Адамдар көп жағдайда фактіні толық білмей жатып, эмоцияға беріліп кетеді. Психологияда мұны конформизм құбылысы деп атайды. Америкалық ғалым Соломон Аштың тәжірибелері көрсеткендей, адам айқын шындыққа қарсы болса да, көптің пікірімен келісіп кетуге бейім. Бұл қауіпті, себебі әділет орнына эмоция үстемдік етеді, – деп түсіндірді ол.

АЗАМАТТЫҚ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ МАНИПУЛЯЦИЯ

Спикер Cancel culture-дің Қазақстандағы екі түрлі қырын атап өтті.

Бірінші қыры – азаматтық бақылау. «Magnum», «Lenina 36» сияқты кейстерде қоғам бизнеске де, шенеунікке де талап қоя білді. Бұл – азаматтық сананың оянуы.

Екінші қыры – манипуляция. Cancel culture кейде қасақана қолданылып, әлеуметтік тұрақтылықты шайқау немесе ұлтаралық араздық туғызу құралына айналуы мүмкін. Бұл жағдайда қоғам әділет іздеушіден гөрі сыртқы күштердің құралы болып кету қаупі бар.

«СОҢҒЫ СӨЗДІ ЗАҢ АЙТУЫ КЕРЕК»

Cancel culture жеке өш алуға немесе саяси айла-шарғыға айналмауы тиіс. Әйтпесе әділет іздеген қоғам әділетсіздіктің өзіне айналып кетеді. Біздің міндетіміз – осы құбылысты хаостың құралына емес, заң мен жауапкершілікке негізделген мәдени диалогтың құралына айналдыру.

Әлеуметтік желілер сигнал бере алады. Бірақ соңғы сөзді заң мен ресми институт айтуы керек. Егер бәрін TikTok немесе Threads шешетін болса, мемлекеттің мәні жоғалады, – деп түйіндеді Ерболат Мұхамеджан.

ФОРУМ ТУРАЛЫ

Айта кетейік, 26 қыркүйекте Астанада XIII PR Forum өтті. Жиынға Әсел Қарауылова, Ақсұлу Саңғали сынды белгілі PR-мамандар қатысып, елдегі коммуникация мен журналистика саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Самал Ибраева, Жолдас Өрісбай, Тамара Вааль, Дана Саудагереева сияқты кәсіпқойлар тәуелсіз журналистика, мемлекетпен диалог құру және дағдарыс кезіндегі PR тақырыптарында ой бөлісті.