ҰЭМ жаңа Салық кодексіне сәйкес арнаулы салық режимін пайдалануға тыйым салынған және рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізімін жариялады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жаңа тәртіп бойынша, табысы 600 мың АЕК-тен асатындар, құрылыс, жер қойнауын пайдалану, телекоммуникация, қаржы, IT, көтерме сауда сияқты ірі бизнеске тән 795 қызмет түрі жеңілдетілген декларация негізінде жұмыс істей алмайды. Бұл шектеу салық төлеушілердің шамамен 30%-ына әсер етеді.
Ал бөлшек сауда, тұрмыстық қызмет, жолаушы тасымалы, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, білім беру, медицина, мәдениет пен спорт сияқты тұрғындарға бағытталған 300-ге жуық қызмет түрі жеңілдетілген режимді сақтап қалады. Осылайша, АСР барлық салық төлеушілердің шамамен 70%-ына қолжетімді болмақ.
Сонымен бірге, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жеке тізім бекітіліп, оған аяқ киім жөндеу, такси, сұлулық салоны, жалға беру, тұрмыстық техника мен компьютер жөндеу, фотоқызмет және өзге де жеке қызметтер енгізілді.