Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, алдағы демалыста елдің барлық өңірінде фермерлердің өнімдері тікелей сатылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Іс-шаралар кестесіне сәйкес, Астана мен Алматыда жәрмеңкелер 27-28 қыркүйекте өтсе, өзге аймақтарда тек 27 қыркүйек күні ұйымдастырылады. Астанада негізгі орындар – «Keruen Joly» сауда орталығы мен «Казанат» ипподромының автотұрағы. Алматыда жәрмеңкелер әр аудан бойынша бірнеше жерде өткізіледі. Шымкентте орталық стадион, «Нұрсат-2» шағын ауданы және «1000 ұсақ-түйек» сауда қатары жанында жиналады.
Өңірлер бойынша да жәрмеңке алаңдары нақтыланған: Ақтөбеде «Табыс» базары, Атырауда «Сарайшық» коммуналдық базары мен «Мұнайшы» стадионы алдындағы алаң, Өскеменде «Алтай» орталығы, Таразда әлеуметтік базар маңы, Оралда М.Ихсанов көшесі, Қызылордада сол жағалаудағы коммуналдық базар және тағы басқа мекенжайларда өтеді. Павлодар облысында іс-шара облыс орталығы мен Екібастұздағы базарлардан бөлек, он аудан орталығында ұйымдастырылады. Солтүстік Қазақстанда Петропавлдың үш базарында, ал Ұлытауда Жезқазған мен Сәтбаевта жәрмеңке өтеді.
Жалпы алғанда, әр аймақтағы жәрмеңкелер тұрғындарға фермерлік өнімді қолжетімді бағамен алуға жағдай жасап, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне өз өнімін тікелей сатуға мүмкіндік бермек.