Еуропалық дәрілік агенттік пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүкті әйелдерге парацетамол ішуге болады деп мәлімдеп, Дональд Трамптың дәріні айыптаған сөзін жоққа шығарды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Мамандардың айтуынша, парацетамол мен аутизмнің арасында ешқандай ғылыми дәлел жоқ. Дәріні тек қажет болғанда, ең аз мөлшерде қолдану ұсынылады. ДДСҰ да қолда бар зерттеулердің бірізді емес екенін, сондықтан қорытынды жасауға негіз жоқ екенін айтты.
Ал Трамп дүйсенбі күні Ақ үйде өткен жиында жүкті әйелдерге парацетамол қолданбауға кеңес беріп, аутизмді вакцина мен осы дәріге байланыстыра сөйлеген болатын. Дәрігерлер қауымы бұл пікірді жоққа шығарып, парацетамолдың қауіпсіздігі жылдар бойғы зерттеулермен дәлелденгенін айтты.