homepage
Фото: ARA MEDIA

Министр-құда: Назарбаев жақтастарымен қалай бірікті?

22.09.2025, 20:35

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің ескі жақтастарымен құда болған. 1980 жылдары Назарбаев Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарғанда, оның серіктестері Мұхтар Әлиев, Асқар Құлыбаев, Қанат Саудабаев министрлер болды. Бұл туралы журналист Асылхан Мамашұлының «Жон арқадан ұрылған пышақ. Қилы кезең» атты деректі фильмінде айтылады. 

Қонаевтың тәрбиелеуімен және демеуімен 1984 жылы Нұрсұлтан Назарбаев  Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы болып сайланды. 

«1986 жылы қырық бестегі қылшылдаған жас Назарбаевтың қырық жылға созылған саяси мансабы өрге басты. Алайды бұл Қонаевтың Назарбаевты қызметке соңғы рет ұсынуы еді. Көп ұзамай Назарбаевты өзі ұсынған қызметтен өзі ала алмай қапыда қалатынын сезген жоқ», - дейді журналист фильмде экс-президенттің мансабы жайлы.

Сол уақытта Назарбаев басқарған министрлер советінің құрамында Мұхтар Әлиев денсаулық сақтау министрі, Қанат Саудабаев Қазақ КСР Кинематография жөніндегі Мемлекеттік Комитетінің төрағасы  болып кірді. Бұл кезде Асқар Құлыбаев Жоғары совет президиумының мүшесі болатын. 

Бұл үштіктің екеуі кейін Назабаевпен құда болып, тәуелсіз Қазақстанда елдегі ықпалды адамдардың біріне айналды. Мұхтар Әлиевтің баласы Рахат Әлиев Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваға үйленеді. Ал Асқар Құлыбаевтың ұлы Тимур Құлыбаев Динарамен шаңырақ көтерді. 

1994 жылы Қанат Саудабаев сыртқы істер министр болып тағайындалды, кейін Қазақстанның Түркия мен Ұлыбританиядағы елшісі болды. 1999 жылы елге оралып, премьер-министрдің кеңесшісі, біраз уақытттан кейін Мемлекеттік хатшы ретінде деп сайланды. 2012 жылы ғана зейнетке шығып, дипломатиялық кеңеске кетті.

«Жон арқадан ұрылған пышақ» фильмінде 1985-1995 жылдар аралығындағы Қазақстандағы саяси оқиғалар, оның ішінде Қонаев-Назарбаев ара қатынасы кеңінен баяндалады. Әзірге бірінші сериясы ғана жарық көрді, автордың айтуынша әлі тоғыз серия жариялануы керек.