homepage
Фото: polisia.kz

Ресейден 8,5 млрд теңге жымқырды деген күдікті Қазақстанға экстрадицияланды

22.09.2025, 10:10

Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Ресей Федерациясынан аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп айыпталған азамат елге қайтарылды деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ол Ақмола облысында салынуы тиіс жел электр станциясына бөлінген 8,5 млрд теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденгені үшін тергеліп жатыр

Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті 2020–2022 жылдары құрылыс компаниясын басқара отырып, адамдар тобымен алдын ала сөз байласқан. Олар жалған келісімшарттар жасап, аффилирленген компаниялар арқылы ақша аударып, «Самұрық-Энерго» АҚ-ның еншілес ұйымынан бюджет қаражатын жымқырған. Қылмыс әшкереленген соң күдікті жасырынған, оған халықаралық іздеу жарияланған.

Биыл ақпанда Ресей аумағында ұсталған азамат Қазақстанға экстрадицияланды және тергеу изоляторына қамалды. Бұған қоса, оның серіктестері биыл мамыр айында әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Заң бойынша мұндай әрекет үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін түрме жазасы қарастырылған.