АҚШ президенті Дональд Трамп Ауғанстан билігінен Баграм әуе базасын қайта беруді талап етті. Ол мұндай шешім қабылданбаса, «жаман нәрселер» болатынын ескертті, деп хабарлайды Juzmedia.kz Reuters-ке сілтеме жасап.
Трамп Truth Social желісінде базаны қайтару жөнінде келіссөздер жүріп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Баграм АҚШ әскери күштері үшін стратегиялық маңызы бар нысан және оны қайта алу қажеттігі туындап отыр.
Ауғанстан билігі, керісінше, ел аумағына шетелдік әскердің оралуына қарсы екенін білдірді. Сарапшылардың пайымдауынша, егер АҚШ базаны қайта қолына алуға қадам жасаса, бұл халықаралық деңгейде жаңа шиеленістерге әкелуі мүмкін.
Баграм әуе базасы 2001 жылдан бастап 2021 жылға дейін АҚШ пен одақтастарының Ауғанстандағы әскери операцияларының басты орталығы болған еді.