Сенбі күні еліміздің барлық өңірінде өткен 47 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде қазақстандықтар 195 тоннадан астам сиыр етін сатып алды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жәрмеңкелерге 400-ден астам отандық өндіруші қатысып, өнімдерін тікелей ұсынды. Сиыр етіне сұраныс ерекше жоғары болды: Қостанай облысында рекордтық 83 тонна, Астанада 61 тонна, Абай облысында 19 тонна ет сатылды. Баға өңірлерге қарай 2 400-ден 3 700 теңгеге дейін өзгерді.
Қызылорда облысында қолжетімділік бойынша ең төменгі баға – 2 400–2 500 теңге аралығында болды.
Жәрмеңкелерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қолжетімді бағамен ұсынылды. Мәселен, Қарағандыда басталған «Ауыл береке – 2025» жәрмеңкесінде 120 тоннадан астам тауар сатылымға шығарылып, оның ішінде 52 тонна ет, 25 тонна картоп, сүт, балық және жұмыртқа болды.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, жыл соңына дейін 1 300-ден астам жәрмеңке өткізу жоспарланып отыр. Бұл халыққа қыстық азықты тиімді бағамен алдын ала алуға мүмкіндік бермек.