Португалияның Сыртқы істер министрлігі жексенбі күні Палестинаны мемлекет ретінде тану жөнінде ресми декларация қабылданатынын хабарлады. Бұл шешім келесі аптадағы Жоғары деңгейдегі конференцияға дейін жасалмақ, деп хабарлайды Juzmedia.kz Reuters-ке сілтеме жасап.
Министр Паулу Ранжел осы аптада Ұлыбританияға сапары барысында Португалияның Палестинаға қатысты осындай қадамды қарастырып жатқанын айтқан еді.
Бұған дейін Испания, Ирландия және Норвегия 2024 жылдың мамырында Палестинаны ресми танып, өзге ЕО елдерін де осыған шақырған болатын. Ал Португалия ұзақ уақыт бойы ортақ еуропалық ұстанымды күткен еді.
Қазір Еуропалық одаққа мүше 27 елдің ішінде тек санаулылары ғана Палестинаны ресми мойындаған. 2012 жылы БҰҰ Бас ассамблеясы Палестинаның мәртебесін «бақылаушы ұйымнан» «мүше емес мемлекетке» көтерген болатын.
Израильдің Газа секторындағы соғысы мыңдаған адамның қаза табуына, аштық пен қирауға әкеліп отырған тұста, бұл қадам халықаралық қысымды күшейтіп отыр.