homepage
Фото: ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Алматыда заңсыз лотерея ұйымдастырған Instagram парақша иесі айыппұл төледі

20.09.2025, 10:20

Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті Instagram-дағы «Justking31» аккаунтына қатысты заңсыз лотерея дерегін анықтап, істі ҚР Туризм және спорт министрлігіне қарасты Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетіне жолдады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тексеру кезінде аталған парақшада күн сайын екі қабатты үй, ақшалай қаражат пен смартфондар ұтысқа тігілгені белгілі болды.

Ұтысқа қатысу үшін азаматтарға Oilan Lab ЖШС ұсынған 29 990 теңгелік оқу курстарын сатып алу міндеттелген. Жеңімпаздар «Поле чудес» жабдығы арқылы кездейсоқ таңдалған.

Нәтижесінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 445-1-бабы бойынша хаттама толтырылып, іс Комитет қарауына берілді. Қарау қорытындысында аккаунт иесіне 300 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 1,1 млн теңге) көлемінде айыппұл салынды. Ол кінәсін мойындап, айыппұлды толық төледі.