ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсіндіргендей, қазақстандықтар бір уақытта бірнеше жерде еңбек ете алады деп хабарлайды. Бірақ бір тәуліктегі жалпы жұмыс уақыты 12 сағаттан артық болмауы керек деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Яғни негізгі жұмыста күндік нормасы – 8 сағат, қосымша жұмыста – 4 сағаттан аспауы тиіс.
Қосымша жұмыс дегеніміз – негізгі қызметтен тыс уақытта жасалатын ақылы еңбек. Оған келісімшарт ресімделеді, ал ол үшін қызметкер негізгі жұмыс орны жайлы анықтама ұсынуы тиіс.
Демалыс уақыты да екі жерде қатар беріледі: негізгі жұмыстағы демалыспен сәйкес келеді. Егер қосымша жұмыстағы демалыс аз болса, қызметкердің өтініші бойынша жалақы төленбейтін қосымша күн беріледі.
Бірақ бәріне рұқсат емес. Еңбек кодексіне сәйкес, 18 жасқа толмағандарға, қауіпті және зиянды өндірісте істейтіндерге (медицина қызметкерлерінен басқа) қосымша жұмыс істеуге болмайды.
Ал мемлекеттік қызметшілер педагогикалық, ғылыми немесе шығармашылық жұмыстан басқа ақылы қосымша еңбекпен айналыса алмайды.
Қазір министрлік еңбек шарттарын электронды түрде жүргізу жүйесін енгізіп жатыр. Бұл жұмысқа тұруды жеңілдетеді: құжат жинау азаяды, еңбек өтілі, білімі, тәжірибесі жайлы мәліметтер электронды форматта қолжетімді болады.
Жаңа жүйе жұмыс берушіге де ыңғайлы — кадрлық рәсімдерді оңтайландырады және еңбек қатынастарының ашықтығын қамтамасыз етеді.