Алматы облысында биылғы сегіз айда 3,5 млрд теңге алименттік қарыз өтелді деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Прокуратураның дерегінше, Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша 50 борышкер жауапқа тартылған. Олардың 33-і сотталып, 17 іс берешектің ерікті төленуіне байланысты тоқтатылды.
Мәселен, 2,1 млн теңге қарызын төлемей келген азамат «А» бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сондай-ақ 5 млн теңге берешегі бар борышкердің орнына сот орындаушысы Еңбекшіқазақ ауданындағы 100 шаршы метр үйді өндіріп алды.
Алименттен жалтарғандарды жазалау шараларының аясында 169 адам әкімшілік жауапқа тартылды, оның 108-і 5 тәулікке дейін қамалды.
Прокуратура мұндай шаралар ата-аналық міндетін орындаудан қасақана жалтарғандарға нақты сабақ болатынын атап өтті.