homepage
Фото: polisia.kz

Атырауда 8 млрд теңгенің жалған шот-фактура ісі бойынша үкім шықты

17.09.2025, 18:26

Атырау қаласының соты жалған шот-фактура рәсімдеп, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырған үш адамға үкім шығарды деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тергеу Қаржылық мониторинг агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті жүргізген. Нәтижесінде А.С. Тюякпаевтың басшылығымен С.А. Аргалаш пен А.С. Булатов бірігіп, 8 млрд теңге көлемінде жалған шот-фактура рәсімдегені анықталды. Бұл схеманың салдарынан мемлекетке 590 млн теңгеден астам салық төленбей қалған.

Сонымен қатар, Тюякпаев 342 млн теңгені компания есепшоттары арқылы жұбайының жеке шотына аударып, заңдастырған.

Сот шешімімен айыптыларға 2 жыл 4 айдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қылмыстық кіріске сатып алынған мүлік — Атыраудағы пәтер мен автокөліктер — мемлекетке тәркіленді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.