Қаржылық мониторинг агенттігі жалған тексерістермен қорқытып, деректерді алдап алуға тырысқан алаяқтар туралы ескертті деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Агенттік хабарлауынша, алаяқтар оқу орындары мен мемлекеттік мекемелерде жалған тексеріс жайлы хабарламалар таратып, азаматтардан құжат сұрап, кейін өзін агенттік қызметкері ретінде таныстырып, банк шоттары туралы мәліметті алдап алуға әрекет жасауда.
Сондай-ақ мессенджерлерде азаматты «тексеріліп жатқан тұлғалар тізімінде барсың» деп қорқытып, ақша бопсалаған жағдайлар да тіркелген. Шағымдарда жиі кездескен жалған есімдер: «Мыктыбаев», «Хамзин», «Жалимов», «Жалимбетов».
Агенттік мұндай тексерістер жүргізбейтінін, ресми хабарлама жібермей телефон арқылы жеке деректерді сұрамайтынын, азаматтарға тікелей қоңырау шалмайтынын және ақша аударуды талап етпейтінін ресми мәлімдеді. Азаматтарға сақ болуды ескертті. Күмән туындаса, 1458 Call-орталығына немесе +7 (727) 279-20-86 нөміріне хабарласу ұсынылады.