homepage
Фото: inbusiness.kz

Пробация есебіндегі 2 мыңнан астам сотталушының жазасы түрмеге ауыстырылды

16.09.2025, 10:09

2025 жылдың алғашқы 8 айында пробация қызметінің ұсыныстары негізінде соттар 2 354 сотталушының жазасын бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы шешім қабылдады деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бұл қадам жазаны өтеу тәртібін жүйелі түрде бұзған адамдарға қатысты қолданылып отыр

Мысалы, Қарасай ауданында пробация бақылауындағы М. Мадраимова 3 жыл 2 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілгенімен, бірнеше рет қоғамдық тәртіпті бұзған. Ол ұсақ бұзақылық, қоғамдық орындарда мас жүру, жасыл желектерді бүлдіру сияқты алты құқық бұзушылық жасағаны үшін сот шешімімен бас бостандығынан айыру орындарына жіберілді.

Бас прокуратура бастамасымен енгізілген «Цифрлық қадағалау» жобасы да пробация есебіндегі адамдарды бақылауды күшейтті.

Жазғы үш айда «смарт-камералар» көмегімен 92 адамның 209 құқық бұзушылығы тіркелді. Олардың екеуі қазірдің өзінде колонияға жіберілді.