homepage
Фото: REUTERS/Stringer/Көрнекі сурет

Қытай экономикасы баяулады: өсім жоспарына қауіп төнді

15.09.2025, 15:18

Қытайда тамыз айында өнеркәсіп өндірісі мен бөлшек сауда көрсеткіштері төмендеп, соңғы бір жылдағы ең әлсіз деңгейге түсті. Осының салдарынан елдің жылдық өсім жоспары – шамамен 5%-ға жетпей қалуы мүмкін деп хабарлайды Juzmedia.kz Reuters-ке сілтеме жасап.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, өнеркәсіптік өндіріс тамызда 5,2%-ға өскен. Бұл шілдедегі 5,7%-дан төмен және сарапшылар күткен деңгейге жеткен жоқ. Бөлшек сауда да баяулады: өсім небәрі 3,4%, бұл соңғы тоғыз айдағы ең төмен көрсеткіш. Сарапшылар мұны жұмыс орындарының азаюы мен жылжымайтын мүлік дағдарысымен байланыстырады.

Экономистердің бір бөлігі Қытайға қосымша қолдау шаралары қажет дейді. ING банкі өкілі Линн Сонг «жыл басындағы қарқын жоспарды орындауға мүмкіндік береді, бірақ мықты қорытынды үшін қосымша ынталандыру керек болуы мүмкін» деп санайды.

Сонымен бірге қаңтар-тамыз аралығында негізгі инвестициялар небәрі 0,5%-ға ғана өскен. Жаңа үйлердің бағасы да шілдемен салыстырғанда 0,3%-ға, былтырғы тамызбен салыстырғанда 2,5%-ға төмендеді.

Сарапшылар жылдың соңына қарай Қытай билігі ақша-несие саясатын жұмсартып, қосымша қаржылай қолдау көрсетуі мүмкін деп болжайды.