Ұлытау облысында “Қарасора — 2025” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полицейлер 15 келі марихуана тапты деп хабарлайды Juzmedia.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жезқазған – Қызылорда тас жолында тоқтатылған Mercedes-190 көлігінің жүксалғышынан газ жабдығы астына жасырылған екі қап табылған. Ішінен өсімдік тектес ерекше иісі бар зат шыққан. Сараптама оның марихуана екенін, жалпы салмағы 15 келі болатынын растады. Қара нарықтағы құны шамамен 3 миллион теңге деп бағаланып отыр.
Есірткіні сақтау және тасымалдау күдігімен 43 және 27 жастағы екі адам ұсталды. Оларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.