homepage
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Қазақстанда Орталық Азияда теңдесі жоқ спорт нысаны ашылды

15.09.2025, 11:40

Түркістан қаласында халықаралық талаптарға сай Есу арнасы ашылды. Кешен Орталық Азияда теңдесі жоқ нысан саналады деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ашылу рәсіміне арнайы келген ICF президенті Томас Кониеццко арнаға жоғары баға берді. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, нысан тек кәсіби спортшыларға ғана емес, қала тұрғындарына да қолжетімді болады. Мұнда халықаралық жарыстардан бөлек, волейбол, футбол, баскетбол алаңдары мен қалалық жағажай жұмыс істейді.

Жалпы аумағы 100 гектарды қамтитын, ұзындығы шамамен 2,5 шақырымды құрайтын арна академиялық есу, байдарка мен каноэ бойынша Әлем және Азия кубогіне дейінгі жарыстарды қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, су ресурсы қаладағы суармалы жүйеге, жасыл белдеуді суаруға қолданылады.

Жоба Түркістанның спорттық, экологиялық және туристік дамуына серпін бермек. Арна ұлттық құрамаларды даярлайтын және жас спортшыларды тәрбиелейтін негізгі орталыққа айналады.

Айта кетейік, биыл жыл соңына дейін тағы бір ірі нысан – Астанадағы Ұлттық спорт университеті пайдалануға беріледі деп жоспарланған.