Бокстан 4–14 қыркүйек аралығында Ливерпульде өткен әлем чемпионаты өз мәресіне жетіп, Қазақстан құрамасы 7 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлде жеңіп алып, жалпы есепте бірінші орынға ие болды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Финалда сегіз қазақстандық өнер көрсетіп, жетеуі чемпион атанды. 50 келіде Санжар Тәшкенбай моңғолиялық Алдархишиг Баттулгадан басым түсіп, екі дүркін әлем чемпионы атанды.
55 келіде Махмұд Сабырхан испан Лозано Серраноны ойсырата жеңіп, қатарынан екінші рет алтынға қол жеткізді. 51 келіде Алуа Балқыбекова түркиялық Буси Наз Чакыроглуды тоқтатты.
65 келіде Аида Әбікеева өзбекстандық Навбахор Хамидовамен кездесіп, шешуші жекпе-жекте үстем түсті.
70 келідегі Төрехан Сабырхан жапон Севон Оказаваны жеңіп, ел тарихындағы ең жас әлем чемпионы атанды. Әйелдер арасында дәл осы салмақта Наталья Богданова аустралиялық Лекейша Перголитиден айласын асырып, Қазақстан тарихында тұңғыш рет 70 келідегі чемпион атанды.
Аса ауыр салмақта Айбек Оралбай өзбек Жахонгир Зокировты тартысты айқаста тізе бүктіріп, алтын жүлдені иеленді.
Күміс жүлде 48 келідегі Назым Қызайбайдың еншісінде қалды. Ол үндістандық Минакшиге жол беріп, әлем чемпионатындағы бесінші жүлдесін қоржынға салды.
Бұған дейін Виктория Графеева (60 келі) мен Елдана Талипова (+80 келі) қола жүлдеге ие болған еді.
Бұл чемпионатта тарихи белес те тіркелді. Серік Сәпиевтен кейін араға 18 жыл салып, бір чемпионатта бірден екі боксшы — Санжар Тәшкенбай мен Махмұд Сабырхан — екі дүркін әлем чемпионы қатарынан орын алды. Бұл қазақ боксының жаңа дәуірін айқындаған жетістікке айналды.
Жалпы қорытындыда Қазақстан бірінші орынға шықса, Өзбекстан сегіз финалистің алтауын алтынға жеткізіп, екінші орын алды. Ливерпуль төрінде осылайша қазақ боксы тағы бір тарихи белесінен асты.