Қазақстан FIFA Arena жобасына қосылып, 2027 жылға дейін елде 100 жаңа шағын футбол алаңы салынады. Алғашқысы биыл Хромтау мен Көкшетауда ашылады деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Әр алаң FIFA стандарты бойынша салынады: көлемі 20×40 метр, жаңа буындағы жасанды шөп төселіп, қақпа, қоршау панельдері мен қауіпсіздік торлары орнатылады. Бұл инфрақұрылым қолданыстағы мектеп аулалары мен спорт аймақтарына ыңғайлы етіп орналастырылады. Жобаға бөлінген алаң саны қатысушы елдер арасындағы ең жоғары көрсеткіш саналады.
Бағдарламаны FIFA қаржыландырады, ал ҚР Туризм және спорт министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті әкімдіктер ұйымдастырушылық қолдау көрсетеді.
Жоба ең алдымен шағын қалалар мен ауыл мектептерін қамтиды. Қазіргі таңда елімізде футболмен 1,1 миллионнан астам адам жүйелі түрде айналысады, ал 242 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 40 мыңнан астам жас футболшы дайындық жүргізуде.
Соңғы жылдары Қазақстанда FIFA және УЕФА қолдауымен ұлттық құрамаларға арналған оқу-жаттығу базасы (Талғар), Футбол үйі мен манеж (Астана), жеке «БИІК» базасы (Шымкент), «Тобыл» клубына арналған манеж (Қостанай) сияқты ірі инфрақұрылымдық нысандар пайдалануға берілді.