Израильдің Қатарға жасаған әуе соққысынан кейін жағдай күрделене түсті. АҚШ-тағы Израиль елшісі Йехиель Лейтер егер ХАМАС басшылары бұл жолы аман қалса, келесі жолы міндетті түрде өлтірілетінін ашық айтты.
«Біз террористерге ескерту жасадық. Олар қайда жүрсе де, соңына түсіп, көзін жоямыз», – деді ол Вашингтондағы Капитолий ғимаратында сөйлеген сөзінде.
Сейсенбі күні Дохадағы әуе шабуылы әлемнің ашу-ызасын тудырды. Әсіресе, Қатарда жүргізіліп жатқан келіссөздерге ауыр соққы болды. Себебі бұл ел соғыс басталғалы бері ХАМАС пен Израиль арасында бітім орнату үшін негізгі делдалдардың бірі болып келген. Wall Street Journal-дың хабарлауынша, осы оқиғадан кейін Дональд Трамп Нетаньяхумен қызу сөйлесіп, «Қатарды соққы жасау дұрыс шешім емес» деп сынаған.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху болса, керісінше, қатаң позиция ұстанып отыр. Ол Дохадағы соққыны да, Йемендегі Хуситтерге жасалған операцияны да ақтап шықты. Тамыз айында Хуситтердің премьер-министрін өлтіргеннен кейін, сәрсенбіде Израиль Йемен астанасы Санаға тағы да соққы жасап, қорғаныс министрлігін нысанаға алған.
Дохадағы шабуыл кезінде ХАМАС-тың бес мүшесі қаза тапты. Олардың арасында қозғалыстың шетелде жүрген жетекшісі Халил әл-Хайяның ұлы бар. Алайда ұйым басшылары аман қалғанын мәлімдеді.
Бұл оқиға араб елдері арасында бірден дипломатиялық қарбалас туғызды. БАӘ президенті Мұхаммед бин Заид Дохаға ұшып барды. Артынша Иордания ханзадасы Хусейн мен Сауд ханзадасы Мұхаммед бин Салманның келуі жоспарланған. Бұл – Израиль шабуылынан кейін Қатарға аймақтық қолдау көрсету белгісі ретінде бағаланып отыр.
Еуропада да Израильге қатысты сын күшейіп барады. Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен Израильдің кей министрлеріне санкция салу және сауда келісімдерінің кей тармақтарын тоқтату жоспарын жариялады. Тіпті Германия да бұл бастаманы талқылауға дайын екенін білдірді.
Ал АҚШ болса, атысты тоқтату келіссөздеріне соққының қалай әсер ететінін нақты айта алмай отыр. АҚШ-тың Израильдегі елшісі Майк Хакаби:
«ХАМАС әлі күнге дейін барлық ұсыныстарды кері қайтарып отыр», – деді.
ХАМАС болса, Израиль әскерін шығарып, соғысты тоқтатса, барлық тұтқындарды босатуға дайын екенін мәлімдеген. Ал Нетаньяху бірден толық келісімді талап етіп отыр: барлық тұтқындар бір уақытта босатылуы керек, ал ХАМАС берілсін.
2023 жылғы 7 қазандағы ХАМАС шабуылынан 1200 адам қаза тауып, 251 адам тұтқындалған еді. Бұған жауап ретінде басталған Израиль операциясы Газа секторында 64 мыңнан астам адамның өмірін қиды, аймақтың басым бөлігі қирап қалды.
Бұл жағдайдың соңы неге апаратыны әзірге белгісіз. Бірақ қазірдің өзінде Таяу Шығыстағы ахуал бұрынғыдан да шиеленісе түскені анық.