Reuters қытайлық электр көліктерінің технологиясын әлемдік алпауыт автокомпаниялардың қалай пайдалана бастағаны туралы көлемді сараптамалық материал жариялады. Онда Audi, Toyota, Volkswagen, Renault сияқты брендтердің Қытай серіктестерімен бірігіп жаңа модельдер жасап жатқаны айтылады. Juzmediz.kz сол сараптаманы қазақшаға аударып, оқырман назарына ұсынады.
2021 жылы Audi басшылары қытайлық Zeekr 001 моделін алғаш көргенде қатты таңғалған екен. Себебі ұзақ жүретін қуатқа ие, еуропалық үлгіде жасалған бұл электрлі көлік неміс брендін ойландырып тастады. Сол кезде-ақ қытайлармен бәсекеге түсу үшін олардың технологиясын пайдалану керек деген ойға келген.
Осыдан кейін Audi Қытай нарығына арнап небәрі 18 айда жаңа электрлі көлік жасап шығарды. AUDI E5 Sportback деп аталатын бұл модельдің бағасы 33 мың доллар шамасында болады және ол жақында қытайлық тұтынушыларға жеткізілмек. Көлік қытайлық серіктес SAIC компаниясының батареясы, электрлі қозғалтқышы, инфотейнмент бағдарламасы және жүргізушіге көмектесетін жүйелерін қолдана отырып жасалды.
Бұл үрдіс тек Audi-мен шектеліп отырған жоқ. Toyota мен Volkswagen да қытайлық GAC пен Xpeng серіктестерімен бірігіп, Қытайға арнап арзан әрі қолжетімді модельдер жасап жатыр. Renault пен Ford одан да әріге барып, қытайлық электр көлік платформаларын пайдаланып, жаһандық нарыққа шығатын жаңа модельдерін әзірлеуде.
Renault, мысалы, Еуропаға арналған арзан Dacia Spring көлігін Қытайдың Dongfeng платформасында жасап шыққан. Қазір олар жаңа электрлі Twingo моделін Шанхайдағы орталықта қытайлық Launch Design инженерлерінің көмегімен әзірлеуде.
Қытайдың технологиясына сүйену – бір жағынан шетелдік автоөндірушілер үшін уақыт пен миллиардтаған қаржыны үнемдесе, екінші жағынан қытайлық компанияларға да қосымша табыс әкеліп отыр. Өйткені Қытайдың өзінде баға соғысы күшейіп, сыртқы нарықта да кедергілер көбейіп келеді. Сарапшылар мұны екі жаққа да тиімді "ұтыс-ұтыс шешімі" деп бағалайды.
Бұл жаңа стратегияны сарапшылар 1990-жылдардағы "Intel Inside" науқанына теңейді. Яғни, қытайлық компаниялар дайын "қораптағы" технология ұсынады: аккумуляторлы платформа, бағдарламалық жасақтама, көліктің электронды жүйелері – бәрі бірден қолжетімді. Тіпті аз көлемде өндіріс жасайтын компаниялар да дайын шешім арқылы электр көлігін шығара алады.
Leapmotor компаниясы қазірдің өзінде Stellantis-пен серіктесіп, Қытайдан тыс жерлерге көлік сата бастады. Ал CATL аккумулятор алыбы Ford компаниясына технологиясын беріп, зауыт салуда. Бұдан бөлек, БӘД-тағы CYVN холдингі қытайлық Nio платформасында өзінің премиум электр көлігін жасап шыққан. Олар тіпті биыл McLaren-ді сатып алып, болашақта қытайлық технологияны британдық брендпен біріктіруді жоспарлап отыр.
Мұндай серіктестік автоөнеркәсіптің картасын қайта сызуы мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, Volkswagen сияқты дәстүрлі компаниялар күрделі құрылымдарының кесірінен Tesla немесе қытайлық бәсекелестер сияқты икемді жүйе жасай алмай келеді. Сондықтан олар Xpeng секілді серіктестердің шешімдерін сынап көруде. Егер бұл тәсіл Қытайда сәтті болса, кейін жаһандық нарыққа да қолданылуы ғажап емес.
Әрине, бұның тәуекелі де жоқ емес. Британдық Aston Martin-нің бұрынғы басшысы Энди Палмер айтқандай:
"Егер өзіңнің зерттеу мен дамуыңды мүлде доғарып, үшінші тарап технологиясына ғана сүйенсең – ұзақ мерзімде тек сатушыға айналып қаласың". Ал басқа сарапшылар "өз технологиясын араластыра отырып, тәуекелді азайтуға болады" дейді.
Яғни қазір әлемдік автоөнеркәсіп жаңа дәуірге қадам басты. Қытайлық электр көлік технологиялары – дайын шешім ұсынатын үлкен нарыққа айналды. Бұл бір жағынан дәстүрлі автоөндірушілерге жаңа мүмкіндік берсе, екінші жағынан олардың брендтік дербестігіне қауіп төндіруі мүмкін. Ұзақ мерзімде кім ұтады – қытайлық технология ма, әлде өз жолын сақтап қалған дәстүрлі брендтер ме – оны уақыт көрсетеді.