homepage
Фото: REUTERS/Trent Nelson/Чарли Кёрк атыларынан сәл бұрын

АҚШ-та Трамптың серігі Чарли Кёрк қастандықтан қаза тапты

11.09.2025, 10:47

АҚШ-та белгілі консервативті белсенді және Дональд Трамптың жақтасы Чарли Кёрк Юта штатының университетінде сөз сөйлеп тұрған сәтінде снайперлік оқтан қаза тапты. Қастандық 3 мыңға жуық адам жиналған шара кезінде болды, деп хабарлайды Juzmedia.kz Reuters-ке сілтеме жасап.

31 жастағы Кёркті жалғыз қылмыскер алыстан атқан оқпен өлтірген. Полиция екі күдіктіні ұстағанымен, олардың қатысы жоқ екені анықталды. Қазіргі таңда қылмыскер әлі іздеуде. Юта штатының губернаторы бұл қылмысты «саяси өлтіру» деп атады.

АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйден арнайы жазба жариялап, кінәлілерді міндетті түрде табатынын мәлімдеді.

«Бұл біздің мақсаттарымызға да, Израильдің мүдделеріне де сәйкес келмейді. Бірақ Чарли сияқты адамдарды нацистерге теңеп келген радикалды риторика ел ішіндегі терроризмнің басты себебі», – деді ол.

Трамп қаза тапқан белсендінің құрметіне жексенбіге дейін мемлекеттік ғимараттардағы туларды төмен түсіруді бұйырды.

Чарли Кёрк – жастарды саясатқа тартқан Turning Point USA ұйымының негізін қалаушы. Ол Трамптың сайлауалды науқандарында үлкен рөл атқарып, жастар мен түрлі әлеуметтік топтарды жұмылдырды. Белсендінің әлеуметтік желіде 5 миллионнан астам жазылушысы болды, подкаст жүргізді және Fox News-та жүргізушілік етті.

Қастандық АҚШ-тағы саяси зорлық-зомбылықтың күшейгенін айқын көрсетті. Соңғы жылдары Трампқа бірнеше мәрте қастандық жасалды, демократ саясаткерлерге де шабуылдар тіркелді. Конгрессте Кёркті еске алу сәті айғай-шу мен айыптауға ұласты.