homepage
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған спорт секциялары көбейтіледі

11.09.2025, 09:42

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жұмыс кеңесінде есту қабілеті бұзылған балаларға арналған спорт секцияларының санын арттыруды тапсырды. Бұл шара елде сурдлимпиялық спорт резервін жүйелі қалыптастыруға жол ашады деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жиында сондай-ақ Қазақстан құрамасының 15–25 қарашада Жапонияның Токио қаласында өтетін XXV Сурдлимпиадаға дайындығы қаралды. Әлемдік додаға 80 елден 3 мыңнан астам спортшы қатысады. Қазақстан ұлттық құрамасы 8 спорт түрі бойынша сынға түседі.

Құрама биыл 11 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, қажетті құрал-жабдықтармен және спорттық киіммен толық қамтамасыз етілді.

Министр Мырзабосынов инклюзивтілік пен мүмкіндігі шектеулі жандарға спорттағы тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге мемлекет баса мән беріп отырғанын айтты. Ол сурдлимпиялық спорт түрлерін дамыту үшін арнайы жол картасын әзірлеуді, ғылыми әдістерді енгізуді және балалар мен жасөспірімдер арасындағы спортты кеңейтуді тапсырды.