homepage
REUTERS/Ibraheem Abu Mustafa

Израильдің Катарға соққысы Трампқа да, Тоқаевқа да ұнамады

10.09.2025, 12:05

Израильдің Катар астанасына әуе шабуылы Таяу Шығыстағы жағдайды одан әрі шиеленістірді. Израиль ХАМАС-тың саяси басшыларын жоюды көздегенін мәлімдесе, Катар бұл әрекетті «мемлекеттік терроризм» деп бағалады деп хабарлайды Juzmedia.kz Reuters-ке сілтеме жасап.

Шабуылдың салдарынан ХАМАС мүшелері ғана емес, Катар қауіпсіздік қызметінің қызметкері де қаза тапқан. Бұл қадам Израильдің Газаға жасалған екі жылға жуық соғысы аясында жаңа кезеңге өткенін көрсетеді.

Бұған дейін Тель-Авив Ливан, Сирия, Иран және Йемен аумақтарына да соққы берген еді. Енді шабуыл тікелей Америка Құрама Штаттарының маңызды одақтасы саналатын елде жасалды.

Вашингтон бұған наразы екенін жасырмай, Дональд Трамп «біржақты бомба соққысы Америка да, Израиль де мүддесіне сәйкес келмейді» деп мәлімдеді. Дегенмен ол ХАМАС-ты жою мақсатын дұрыс деп санайтынын айтты.

Халықаралық реакция да біржақты теріс болды. Сауд Арабиясы, Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері, Еуропалық одақ және БҰҰ бұл әрекетті айыптады. Әлем елдері Катардың ұзақ уақыт бойы бітімгерлік келіссөздер жүргізіп келгенін, ал әуе соққысы осы процесті мүлдем тоқтатып тастауы мүмкін екенін атап өтті. Тіпті Рим Папасы да «жағдай өте ауыр» деп алаңдаушылық білдірді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Израильдің әрекетін айыптай сөйледі:

Қандай мақсатты көздесе де, мұндай әрекетке жол беруге болмайды. Бұл Қатар мемлекетінің егемендік құқығын бұзады және халықаралық құқық қағидаттарына қайшы келеді – деді ол.

Израиль премьері Нетаньяху керісінше бұл шабуылды «толықтай әділетті» деп қорғады. Оның айтуынша, бұған себеп болған – Иерусалим маңындағы автобус аялдамасында алты бейбіт тұрғынды қырып кеткен ХАМАС шабуылы және Газа аумағында қаза тапқан израильдік сарбаздар.

Осы жағдай Таяу Шығыстағы тепе-теңдікті одан әрі шайқалтып отыр. Газа қаласында Израиль парақшалар тастап, халықты көшуге шақырған. Бұл Израильдің қаланы толығымен қиратуға ниетті екенін аңғартады. Мұндай жоспар Палестина халқы үшін гуманитарлық апатқа әкелуі мүмкін деп көптеген ел ескертіп отыр.

Бір жағынан Израиль билігі өз елінің қауіпсіздігін алға тартса, екінші жағынан халықаралық қауымдастық бұл соғыс аймақтық тұрақтылыққа ғана емес, бүкіл әлемдік тәртіпке қауіп төндіріп отыр деп санайды.