Алматыда 80 мыңнан астам оқырманы бар блогер Райхан Жұмамұратова әлеуметтік желідегі даулы пікірі үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Ол аутизмі бар балалар туралы жазбасында балағат сөздер айтып, зорлық-зомбылыққа үндеген деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Райхан Жұмамұратова әлеуметтік желідегі жазбасында аутизмі бар балаларды «өлтіру керек» деп мәлімдеп, қоғамда үлкен наразылық тудырды:
«Аутист бала көшеде не істеп жүр? Олардың ата-аналарын соттау керек, хайуандар! Аутизм көбейіп кетті, оны емдеу керек, егер емделмесе – өлтіру қажет. Арнайы аурухана ашу керек. Аутист балада ешқандай сезім болмайды. Неге ата-аналары бұған мән бермейді? Неге олар балаларын мұндай диагнозбен емін-еркін көшеге жібереді?» – деп жазды ол.

Бұл жазба қоғамда үлкен резонанс туғызды. HALYQSTAN телеграм каналы дерегінше, «Autism Kazakhstan» ұлттық қауымдастығының ата-аналары Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға хат жолдап, оқиғаға құқықтық баға беруді талап еткен.
Алматы полициясы аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркелгенін растады. Ведомство мұндай сөздер үшін заң алдында жауапкершілік бар екенін ескертті.
Қазір блогердің Instagram парақшасы жабылып қалған.