Непалдағы антикоррупциялық толқулардың соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласып, ел тарихындағы ең ауыр оқиғалардың бірі тіркелді. Үкіметке қарсы наразылық кезінде кемінде 19 адам қаза тапқан. Осыдан кейін премьер-министр К.П. Шарма Оли отставкаға кетуге мәжбүр болды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Көшеде әскери техника жүр, парламент ғимаратына әскер қойылды. Көліктер өртеліп, Жоғарғы соттан бастап министрлердің үйлеріне дейін шабуыл жасалған. Қаланың басты әуежайы уақытша жабылды.
Жағдайдың ушыққаны сонша, коменданттық сағат жарияланып, астана Катманду бос қалды. Әскери өкілдер халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз десе, бұрынғы Жоғарғы сот судьялары парламентті таратып, жаңа сайлау өткізуді ұсынуда.
Наразылықтың негізгі қозғаушы күші – жастар. Олар үкіметтің жемқорлықпен күресе алмауына және жұмыс орындарының тапшылығына наразы. Жылдар бойы Непал халқы еңбек мигранттарының жіберетін ақшасына сүйеніп келеді.
Бұл оқиғалар Үндістанды да алаңдатып отыр. Делиде қауіпсіздік кеңесі арнайы жиын өткізіп, премьер-министр Нарендра Моди Непалдағы тұрақтылықтың аймақ үшін маңызды екенін айтты.



