АҚШ Жоғарғы соты президент Дональд Трамп әкімшілігінің Калифорнияда иммигранттарға қарсы рейд жүргізуіне рұқсат берді деп хабарлайды Juzmedia.kz Рейтерске сілтеме жасап.
Бұл шешімге сәйкес федералды агенттер елде заңсыз жүрген-жүрмегеніне қарамастан, нәсіліне немесе тіл акцентіне қарап адамдарды тоқтатып, құжаттарын тексеруге құқылы болды. Либералды судьялар мұндай әрекет Латинос қауымын «кез келген уақытта ұстай беруге мүмкіндік береді» деп сынға алды.
Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом Жоғарғы сот шешімін «нәсілдік террор шеруіне басшылық ету» деп атап, қатаң айыптады. Ал судья Соня Сотомайор бұл қадам Конституцияға қайшы екенін айтып, «азаматтық бостандықтарымызды қорғау үшін үнсіз қалмаймын» деп мәлімдеді.
Трамп әкімшілігі «жылжымалы патрульдерді» күшейтетінін жариялады. Қаңтарда билікке оралған президент күн сайын 3 мың адамды депортациялау жоспарын қойған. Лос-Анджелесте өткен рейдтер кезінде қарулы агенттердің әрекеті жаппай наразылыққа ұласып, көшеге әскер кіргізілген болатын.
Ал Адам құқықтарын қорғаушылар мұндай шараларды «нәсілшіл депортация жоспары» деп атап, сотта қарсыласпақ.