Есірткі қылмысына қарсы «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасының үш айлық қорытындысы жарияланды деп хабарлайды Juzmedia.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Маусым айынан бері жүргізіліп жатқан операцияның басты мақсаты – есірткі өсімдіктерінің табиғи ошақтары мен заңсыз егістерін жою, зертханалардың жұмысын тоқтату және жеткізу арналары мен ұйымдасқан қылмыстық топтарды әшкерелеу.
ІІМ арнайы бөлімшелері мен Ұлттық ұланның күштері жұмылдырылып, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен тікұшақтар қолданылған. Осы уақыт ішінде 40 әуе ұшуы жасалып, 20 заңсыз егістік анықталды, 27 мыңнан астам есірткі өсімдігі жойылды.
Операция барысында жалпы салмағы 2 тонна марихуана, 47 келі гашиш, 3 тонна қарасора, 155 келі синтетикалық есірткі және 8,5 тонна прекурсор тәркіленді. 9 есірткі зертханасы жойылып, 3 ұйымдасқан қылмыстық топ, оның ішінде бір трансұлттық топтың қызметі тоқтатылды. Барлығы 677 қылмыс тіркелді, соның ішінде 242-сі сату, 220-сы заңсыз егіс фактісі.
Сонымен қатар, Ұлытау, Жамбыл, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында ірі көлемде есірткі заңсыз айналымға шығарылмақ болған. Жезқазған мен Сәтбаевта заңды тауар ретінде бүркемеленген 43 тонна көкнәр тәркіленді. Жамбылда – 206 келі марихуана, Түркістанда – 650 келіден астам қарасора, БҚО-да – 135 келі қарасора алынды.