homepage
Фото: Ақорда

Тоқаев әлеуметтік жеңілдіктерді қолдан көбейтуді сынады

08.09.2025, 12:40

Қазақстанда әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктерді жүйесіз көбейту елдің дамуына кедергі келтіріп отыр деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтты. Оның сөзінше, бүгінде жүзден астам түрлі жеңілдік бар, бұл – әлеуметтік саясаттың әлсіздігін көрсетеді және көмекті теріс пайдаланатындардың көбеюіне жол ашты.

Президент КСРО ыдырағалы 35 жыл өтсе де, түрлі қақтығыстарға қатысқан азаматтарға арнайы төлемдер әлі беріліп келе жатқанын сынға алды. «Ардагерлеріміз барған сайын «жасарып», көбейіп барады», – деді ол.

Тоқаев мемлекет өз міндеттерінен бас тартпайтынын, бірақ әлеуметтік төлемдерді қолдан көбейту – мектеп, аурухана және инфрақұрылым салуға жұмсалуы тиіс қаржыны ысырап ету екенін атап өтті. Оның айтуынша, Үкімет 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен алаяқтыққа жол беріп келген.