homepage
Фото: Aqorda

Президент көші-қонды есепке алатын бірыңғай цифрлық жүйе енгізуді тапсырды

08.09.2025, 12:30

Қазақстанда ел ішіндегі және шетелдегі көші-қон ағымын бақылаусыз қалдыру ірі қалалардың инфрақұрылымына үлкен салмақ түсіріп отыр деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтты. Оның сөзінше, көші-қон үдерістерін реттейтін орталықтандырылған есеп жүйесінің жоқтығы еңбек нарығын болжау сапасына және қабылданатын шешімдердің тиімділігіне кесірін тигізіп отыр. Осыған байланысты Үкімет бірыңғай цифрлық жүйе енгізуі тиіс.

Президент Астана мысалында көші-қон салдарының ауқымын түсіндірді. Соңғы үш жылда елорда тұрғындарының саны 250 мың адамға артқан, оның ішінде былтырдың өзінде 100 мың адам қосылған.

Қалада ресми түрде 1,5 миллион халық тіркелгенімен, инфрақұрылым күн сайын 1,9 миллион адамға қызмет көрсетіп отыр. Тоқаевтың айтуынша, бұл 400 мың тұрғыны бар жаңа қала қосылғанмен бірдей жүктеме.

Мемлекет басшысы Астанада әлеуметтік инфрақұрылымның шамадан тыс қысымға ұшырағанын айтты: мектептер шатқаяқтап тұр, жыл сайын 15 мектеп салу қажеттігі туындаған, емханаларда орын жетіспейді. Қала әлеуметтік шығындарға қыруар қаржы жұмсауға мәжбүр, оның үлесі бюджет кірісінің 60 пайызына жеткен.

Президент мәселені шешу үшін өңірлердің тартымдылығын арттыруға, жаңа әлеуметтік-экономикалық орталықтар құруға бағытталған кешенді шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге «жүргенге жөргем ілінеді» қағидатын енгізіп, өңірлердің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыру мәселесін қайта қарауды ұсынды.