homepage
Фото: polisia.kz

Қазақстандық азамат алаяқтық ісі бойынша Түркиядан елге қайтарылды

08.09.2025, 09:50

Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол бөлімшесі Түркияның құзырлы органдарымен бірлесіп, алаяқтық жасады деген күдікке ілінген азаматты экстрадициялады деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тергеу дерегінше, ол 2023 жылы Шымкентте сыбайластарымен бірге интернет алаңдарында нарықтағыдан төмен бағамен автокөлік сатылады деген жалған хабарландырулар жариялаған. Соның салдарынан 52 адам 70 миллион теңгеден астам қаржысынан айырылған. Күдіктінің қылмысқа қатысы бар өзге тұлғалары бұған дейін әртүрлі жазаға тартылған.

Қылмыстан кейін жасырынып кеткен азаматқа халықаралық іздеу жарияланып, биыл тамызда Түркия аумағында ұсталды. Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды. Кінәсі дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бас прокуратура азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында қылмыс жасаған адамдарды қай елде жүргеніне қарамастан жауапқа тарту жұмыстары жалғасатынын атап өтті.