Денсаулық сақтау министрлігінің нормасына сәйкес, оқушы сөмкесінің салмағы баланың дене салмағының 10 пайызынан артық болмауы керек деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Құжатқа сай, 1–3 сынып оқушылары үшін сөмке салмағы 2 келіден, 4–5 сыныпта – 2,5 келіден, 6–7 сыныпта – 3,5 келіден, ал 8–11 сыныпта – 4,5 келіден аспауы тиіс. Артық салмақ баланың омыртқасына, бұлшықетіне және жалпы денсаулығына зиян тигізуі мүмкін.
Мамандардың айтуынша, сөмке таңдауда белдіктерінің кең әрі жұмсақ төсеммен болуы, арқасының ортопедиялық жасалуы, материалының жеңіл және су өткізбейтін болуы маңызды. Сонымен қатар міндетті түрде жарық шағылыстырғыш элементтер қарастырылуы тиіс.
Дәрігерлер ата-аналарға баланың сөмкесін жиі тексеріп, артық заттарды алып тастауға кеңес береді. Сондай-ақ оқушыны сөмкені екі иықпен киіп жүруге үйрету және қажет болған жағдайда кітаптарды мектепте қалдыру үшін мұғаліммен ақылдасу ұсынылады.