Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Батырхан Мұхтархан Грекияда өткен халықаралық экономика олимпиадасында (EO-2025) абсолютті чемпион атанды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Батырхан жалпы есепте бірінші орын алып, АҚШ, Канада, Қытай, Нидерланды, Польша, Чехия, Грекия сияқты елдердің мықты қарсыластарын артта қалдырған.
Биылғы EO-2025 олимпиадасына әлем бойынша ұлттық іріктеуден өткен 100 мыңнан астам үміткер қатысқан. Финалда 28 елден келген 128 үздік оқушы бақ сынады. Олар экономика мен қаржы саласындағы ең күрделі тапсырмаларды орындап, нақты жағдайларды талдап, шешімдерді модельдеді.
Батырхан үшін бұл – кезекті ірі жеңіс. Бұған дейін ол Экономика және қаржы бойынша республикалық олимпиаданың қола жүлдесін, 2024 жылы Гонконгта өткен халықаралық экономика олимпиадасының (IEO) қоласын, 2025 жылы Әзербайжанда өткен IEO-ның алтынын және EFI олимпиадасының жеңімпазы атағын иеленген.
«Мен үшін ең бастысы – жаңа нәрсені үйрену, күрделі тапсырмаларды шешу және өзімді дамыту. Өз жетістіктеріммен замандастарымды шабыттандырғым келеді», – дейді Батырхан.
