homepage
Фото: ашық дереккөзден

Сирия оқулықтарынан Түркияға қарсы мазмұн алынып тасталмақ

07.09.2025, 09:44

Сирия мектеп бағдарламаларынан Түркияға қатысты теріс сипаттағы ақпараттар алынып тасталады деп хабарлайды Juzmedia.kz caliber.az-ға сілтеме жасап.

Habertürk мәліметінше, ең алдымен тарих пен география пәндері қайта қаралады. Сирияда Асад режимінен қалған ескі мазмұнды ауыстыру үшін жаңа оқу бағдарламасы әзірленіп жатыр.

Алеппо мен Дамаскіде екі түрік мектебі ашылмақ. Бұл оқу орындарында Түркиядан барған мұғалімдер білім береді. Олар Түркияда ұзақ жыл тұрғандықтан араб тілін ұмыта бастаған балаларға түрік және араб тілдерінде қатар сабақ оқытады. Сондай-ақ сириялық педагогтар Түркияда және өз елінде арнайы дайындықтан өтеді.

Жақында Дамаскіге барған Түркияның білім министрі Юсуф Текін жоба жоспарын таныстырып, басты мақсат – оқу мазмұнын жаңарту және Түркиядан оралған балаларды бейімдеуді қолдау екенін атап өтті.