Жетісу облысындағы ардагер инспектор Сыздықов Арғынғазы мен оның жұбайы Шекенова Сания БАҚ-тағы жеке шабуылдарға байланысты қоғам мен құқық қорғау органдарына үндеу жасады деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ардагердің айтуынша, Orda.kz порталы мен оның жетекшісі Гүлнара Бажкенова тарапынан бірнеше мәрте жалған, шындыққа жанаспайтын материалдар жарияланып, бұл оның абыройына ғана емес, отбасына да ауыр соққы болып тиген.
«Балықшылармен болған бір жиында пікір қайшылығы орын алды. Арада бірнеше күн өткенде Orda.kz порталы менің атыма жалған, жағымсыз сипаттағы материал жариялады. Онда мені қатыгез, жаман адам ретінде көрсетті. Бұл менің ар-намысыма тиіп, сот арқылы ақиқатты дәлелдеуге тура келді. Сот Бажкенова таратқан материалдың заңсыз екендігін мойындады. Бірақ соған қарамастан, менің 63 жасқа толуым мен зейнетке шығуыма орай ауылда өткен қарапайым кешті де қаралауын доғармады», — деді Арғынғазы Сыздықов Instagram-да жарияланған бейнеүндеуде.
Сыздықовтың айтуынша, аталмыш материалдарда шындық бұрмаланып, жалған ассоциациялар жасалған. Оның жұбайы, Шекенова Сания Әскербекқызы да отбасына жасалған ақпараттық қысымды айыптап, әділдік талап етті:
> «Бір жылдан бері отбасымыз жүйелі түрде қудаланып келеді. Бажкенова тарапынан жарияланған материалдар бізге үлкен моральдық соққы болды. Денсаулығымыз нашарлап, түн ұйқымыз бұзылды. Мен журналистер мен қоғам белсенділерінен, ең бастысы — құқық қорғау органдарынан осы әрекеттерге әділ баға берулерін сұраймын», — деді ол.
Сыздықовтар отбасының мәлімдемесіне себеп болған мақалада балық шаруашылығы инспекторының зейнетке шығуына байланысты ауылда өткен кешті «мәдени сюрреализм» мен «жеке бас культі» ретінде сипаттаған. Автор сондай-ақ, билборд, әнұран және кітапты атап өтіп, оны «мемлекеттік ресурстарды жеке мүддеге пайдаланудың» үлгісі ретінде келтірген.
Алайда, Сыздықов бұл шараның ауылдастардың өз бастамасы болғанын, ешқандай мемлекеттік қаржы жұмсалмағанын айтады. Сонымен қатар, мақалада айтылғандай, ешқандай заңбұзушылық анықталмағанын атап өтті.