Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов Еуропа клубының шақыруымен Испания астанасы Мадридте төрт күндік шеберлік сабағын өткізіп жатыр деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Чемпионның Еуропада дәріс беруі – отандық дзюдо мектебінің халықаралық аренада мойындалып келе жатқанының айғағы. «Қазақпын» деп таныстыратын жаңа буын қалыптассын деп тілеген Сметов өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында жастарға ізгі тілегін білдірді.
Бүгінде Қазақстанда 90 мыңнан астам адам дзюдомен айналысады, 1300 бапкер еңбек етеді. Ұлттық құрама сапында 81 спортшы бар, ал 2025 жылдан бастап құраманы әйгілі италиялық маман Эцио Гамба жаттықтырады. Федерация төрешілер даярлауға да басымдық беріп отыр: қазір елде 11 халықаралық дәрежедегі төреші жұмыс істейді.
Қазақстанда жыл сайын жас ерекшеліктеріне қарай бес чемпионат және 60-тан астам республикалық турнир ұйымдастырылады.