Қаржылық мониторинг агенттігі әлеуметтік төлемдерді заңсыз тағайындаған алаяқтық схемаларды әшкерелеп, мемлекетке 1 млрд теңгеден астам шығын келтірген қылмыстық істер бойынша тергеу жүргізіп жатыр деп хабарлайды Juzmedia.kz.
2024–2025 жылдары агенттік 1,2 млрд теңге көлеміндегі залалмен 13 істі тіркеді. Оның ішінде жалған жұмыспен қамту арқылы жүктілік пен босануға байланысты жәрдемақы рәсімделген 10 іс бар. 385 әйелге заңсыз төлем тағайындалып, мемлекетке орасан шығын келтірілді.
Ақтөбеде екі азаматша 70 әйелді 29 кәсіпкерлікке жалған жұмысқа орналастырып, 487 млн теңгені жымқырғаны үшін 6 жылға сотталды. Шымкентте тағы бір азаматша 98 млн теңге ұрлап, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен бірге, атаулы әлеуметтік көмекті жымқыру бойынша да 15 жергілікті шенеунікке қатысты тергеу басталды. Олар әлеуметтік осал топқа жатпайтын адамдарды тізімге қосып, бюджет қаржысын қолма-қол ақшаға айналдырып бөліскен.
Агенттік мұндай олқылықтарға тосқауыл қою үшін ережелерді өзгертті: енді жәрдемақы тағайындауда «өткен күнмен» төленген зейнетақы жарналары есепке алынбайды.