Болгарияның Шумен қаласында өткен IX Еуропалық жасөспірімдер информатика олимпиадасында (EJOI-2025) Қазақстан құрамасының барлық төрт мүшесі жүлдегер атанды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Атыраулық Құрмет Әбілмансұр күміс медальға қол жеткізсе, көкшетаулық Шаймерден Нұрәлі мен Мұғжан Дінмұхаммед, сондай-ақ өскемендік Юсупов Саят қола жүлдеге ие болды. Олимпиадаға 24 елден 100-ден астам жас бағдарламашы қатысып, барлығы 52 медаль сарапқа салынды.
Команданы Қазақ-Британ техникалық университетінің ассистент-профессоры Әлімжан Аманов пен спорттық бағдарламалау чемпионы Батыр Сардарбеков дайындады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазақстандық оқушылардың табысы отандық бағдарламалау мектебінің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін айқын көрсетті.