homepage
Фото: Ақорда

Саясаттағы суық хабар: Нұртілеу мен Гаджиев туралы ақпарат қайдан шықты?

04.09.2025, 15:31

4 қыркүйек күні таңертең әлеуметтік желілерде күтпеген ақпарат тарады. Telegram-дағы BazhkenovaLive арнасында Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің ұсталғаны туралы жазылды.

«Орда» басылымы бұл хабарды жариялап, тіпті ҰҚК-нің бірнеше жоғары лауазымды қызметкерлерінің де қамалғанын атап өтті. Басылым министрдің үйінде тінту жүргізілгенін, оның ШЫҰ саммитінен Қытайдан енді оралғанын жазды. 

Алайда көп ұзамай бұл деректі бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары жоққа шығарды.

ҚазТАГ агенттігі құқық қорғау органдарындағы сенімді дереккөзге сілтеме жасап, «Нұртілеудің ұсталғаны туралы мәлімет шындыққа жанаспайды, бұл – фейк» деп хабарлады. Агенттік аталған ақпараттың жалған екенін нақтылап, ҰҚК-нің ресми түсініктемесін күтіп отырғанын жеткізді.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров та осы мәселеге қатысты түсініктеме берді.

«ҚР Сыртқы істер министрінің ұсталғаны туралы жаңалық шындыққа жанаспайды. Біз мұны журналистік этика мен еліміздің қолданыстағы заңнамасын бұзу деп санаймыз», – деді ол.

Кейінірек Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ресми мәлімдеме жасады. Ол журналистер мен БАҚ өкілдерін тексерілмеген деректерді таратпауға шақырып, кінәсіздік презумпциясын сақтау қажеттігін ескертті.

Министр жалған хабардың адамдардың абыройына нұқсан келтіруі мүмкін екенін, ал фейк ақпарат таратқаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын қадап айтты.

Осылайша, бастапқыда Telegram-арналардан басталған даулы мәлімет ел ішінде дүрбелең туғызғанымен, ресми дереккөздер оны жоққа шығарды.

Жағдай медиа кеңістікте расталмаған ақпараттың қаншалықты тез тарап, қоғамды дүрліктіре алатынын тағы бір мәрте көрсетті. 

Айтпақшы Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің ұсталғаны туралы ақпарат 2 сағат Orda.kz сайтынан алынбады.