Елімізде спорт инфрақұрылымын дамыту аясында соңғы бес жылда 371 жаңа нысан бой көтерді. Тек биылдың өзінде 14 өңірде 32 нысан іске қосылып, жыл соңына дейін тағы 70 нысан пайдалануға берілмек, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, биыл іске қосылған ірі нысандардың бірі – Ақмола облысындағы жаңа спорт кешені. Ол мемлекет меншігіне қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылған елдегі алғашқы жоба болып отыр.
Сондай-ақ елордада құрылып жатқан Ұлттық спорт университеті колледжден бастап докторантураға дейін үздіксіз білім беру жүйесін қамтамасыз етпек.
Сонымен қатар Қызылордада халықаралық стандарттарға сай 11 мың орындық стадион, Түркістанда есу арнасы салынып жатыр. Ал Астанада Қ. Мұңайтпасов атындағы жаңа стадионның құрылысы басталып, оны 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланған.