homepage
Фото: icehockey.kz

Астанада пара хоккейден әлем чемпионаты өтеді

04.09.2025, 11:24

6-11 қыркүйек күндері елордада пара хоккейден әлем чемпионаты ұйымдастырылады. Жарысқа Италия, Жапония, Швеция, Қазақстан, Франция және Финляндия құрамалары қатысады. Турнир айналмалы жүйе бойынша өтеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Нәтижесінде үздік шыққан алғашқы екі команда А тобына жолдама алса, соңғы орын иеленген құраманы С тобы күтіп тұр. Бұдан бөлек, чемпионатта Милано-Кортина 2026 қысқы Паралимпиадасына іріктеу турниріне берілетін екі жолдама сарапқа салынады. Бұл іріктеу бәсекесі 2025 жылдың қарашасында Норвегияда өтпек.

Қазір елде 19 паралимпиадалық спорт түрі дамып, жыл сайын 800-ден астам ұлттық деңгейдегі және 80-нен аса халықаралық турнирге қатысу мүмкіндігі жасалып отыр. Бұған қоса, алғаш рет «мүгедектігі бар спортшыны сүйемелдеуші» ұғымы заң жүзінде енгізіліп, спортшыларға қосымша жағдай жасалмақ.

Соңғы жылдары елде бірқатар ірі халықаралық іс-шара өтті: алғаш рет боччадан халықаралық турнир, Asian Awards марапаттау рәсімі және Орталық Азияда тұңғыш ұйымдастырылған Азия Паралимпиялық комитетінің Бас ассамблеясы.