Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Ресей президенті Владимир Путинмен Бейжіңде кездескен соң, оның қасында жүрген қызметкерлер отырған орын мен қолданған заттарын мұқият сүртіп шықты. Мұндай әрекеттерді сарапшылар шетелдік барлаудан сақтанудың бір бөлігі деп бағалайды, деп хабарлайды Juzmedia.kz Reuters-ке сілтеме жасап.
Кремль тілшісі Александр Юнашев Telegram арнасында Кимнің көмекшілері екі сағатқа созылған кездесуден кейін отырған креслоның арқалығы мен тіреуішін, қасындағы үстелді түгел тазалап, пайдаланған шыныаяғын алып кеткен сәтін жариялады.
«КХДР басшысын ерткен қызметкерлер оның қатысқанынан қалған барлық ізді жойып отырды», – деді тілші.
Ким Чен Ын бұл жолы да денсаулығы жайлы дерек сыртқа шықпас үшін жасырын шаралар қолданған. Жапондық Nikkei басылымының хабарлауынша, ол дәстүр бойынша арнайы пойызымен жеке дәретханасын бірге ала келген. Мұндай хаттамалар Кимнің әкесі Ким Чен Ир дәуірінен бері жалғасып келеді.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай қатаң шаралар Солтүстік Корея басшысының денсаулығына қатысты кез келген мәліметтің сырт елдерге өтіп кетуінен сақтайды.
Бұған дейін де Кимнің командасы оның қатысатын саммиттерінде орындық пен үстелді дезинфекциялап, қатаң тексергені талай рет байқалған. 2019 жылы АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуінен кейін күзетшілері оның бөлмесін бірнеше сағат тазалап, тіпті матрасын алып шыққан еді.