homepage
Фото: Қазақтуризм

Қытайлық телеарна Димашпен біріккен жобасын Қазақстанда түсіреді

04.09.2025, 10:20

Қазақстанда «Voice Beyond Horizon» атты халықаралық музыкалық тележобаның түсірілімі басталды. Жобаны Димаш Құдайберген Қытайдың ең ірі медиахолдингтерінің бірі – Hunan TV арнасымен бірлесе жүзеге асырады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Шоудың қатысушылары Қытай, Қырғызстан, Италия, Түркия және Сербиядан келген өнерпаздар болмақ. Олар Димашпен бірге Қазақстанның көрікті өңірлерін аралап, шығармашылық сапарға шығады.

Түсірілім Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Алматы, Ақмола, Түркістан және Маңғыстау облыстарында өтеді. Финал елордада ұйымдастырылмақ.

Қатысушылар пойызбен жолға шығып, Көбейтұз көлі, Шарын мен Бозжыра шатқалдары, Сайрам-Өгем ұлттық паркі сияқты табиғи және тарихи нысандарда аялдайды. Олар өнер көрсетіп, шеберлік сабақтарын өткізеді, дуэттер мен бірлескен перфоманстарда өнерін паш етеді. Әрбір қойылымды халықаралық деңгейдегі кәсіби қазылар алқасы бағалайды.

Бағдарлама Hunan TV телеарнасында және Mango TV платформасында көрсетіледі. Бұл арналардың Қытай мен өзге елдердегі аудиториясы 1 миллиардтан астам көрерменді қамтиды.