Астанада 60-тан астам жәбірленушіге аса ірі көлемде зиян келтірген күдікті қолға түсті деп хабарлайды Juzmedia.kz қала прокуратурасына сілтеме жасап.
Тергеу деректеріне сәйкес, ол азаматтарды Еуропа, АҚШ және Ұлыбританияға виза алып беремін деп сендіріп, алдау және сенімді теріс пайдаланған.
Қылмыстық жауаптылықтан жалтару үшін 60-тан астам жәбірленушімен жалған несиелік келісімдер жасап, қылмысын азаматтық-құқықтық қатынас ретінде жасыруға тырысқан. Келтірілген шығын көлемі 330 млн теңгеден асты.
Күдікті ұсталып, Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот санкциясымен ол қамауға алынды.
Қазір жәбірленушілерді анықтау және сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Прокуратура алаяқтық үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертті.