homepage
Фото: newsarmenia.am

Қазақстандықтар Арменияға жеке куәлікпен бара алады

03.09.2025, 11:57

Енді қазақстандықтар Арменияға жеке куәлікпен бара алады, ал Армения азаматтары Қазақстанда сәйкестендіру құжатымен жүре алады деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Мәжіліс Қазақстан мен Армения арасындағы азаматтардың сапарлары мен болу тәртібі туралы келісімді ратификациялады. Құжат екі ел азаматтарының бір-бірінің аумағында еркін жүруін жеңілдетіп, ынтымақтастықты нығайтуды көздейді.

Келісімге сәйкес, Армения азаматтарына Қазақстан аумағында визасыз жүруге рұқсат берілді. Шекарадан өткен күннен бастап 90 күн, әрі алты ай ішінде осы мерзімнен аспау талабы сақталады. Белгіленген уақыт өткеннен кейін олар уақытша тұруға ықтиярхат (жұмыс, оқу, бизнес немесе отбасын құру үшін) алған жағдайда елде қала алады. Бұрын бұл үшін виза талап етілетін.

Бұған дейін қазақстандықтарға жеке куәлікпен тек Ресей мен Қырғызстанға баруға рұқсат берілген еді.